KASE Клиринг орталығы үздік халықаралық тәжірибе мен стандарттарды басшылыққа ала отырып, корпоративтік басқару жүйесін дәйекті және жүйелі түрде жетілдіреді. Клиринг орталығында Жалғыз акционердің шешімімен (2024 жылғы 20 желтоқсандағы № 39 отырыстың хаттамасы) бекітілген Корпоративтік басқару кодексі бар. Бұл жаңа Кодекс қызметтің ашықтығын, жауапкершілігі мен тиімділігін арттыру мақсатында компанияны басқару қағидаттары мен стандарттарын айқындайды.
Кодекс озық халықаралық тәжірибені, оған қоса Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) ұсынымдарын ескере отырып әзірленді және Клиринг орталығының корпоративтік қатынастың барлық қатысушысы арасындағы ашықтық, жауапкершілік және тиімді өзара іс-қимыл қағидаттарын ұстанатынын көрсетеді. Ол басқару органдары, акционерлер мен өзге де мүдделі тұлғалар үшін басқару тиімділігін арттыруға және компанияның орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты ережелер мен стандарттарды белгілейді.
KASE Клиринг орталығы үшін Кодекстің маңыздылығы
Корпоративтік басқару кодексін енгізу және сақтау Клиринг орталығына инвесторлар мен серіктестердің сенімін нығайтуға, бизнестің ашықтығын арттыруға және басқару тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан Республикасының қаржы нарығын дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға және корпоративтік басқарудың халықаралық деңгейін қолдауға ықпал етеді.
Корпоративтік басқару кодексінің негізгі принциптері:
Акционерлердің құқығы мен мүддесін қорғау
KASE Клиринг орталығы акционерлердің ақпаратқа тең және әділ қол жеткізуіне, компанияны басқаруға қатысу мүмкіндігіне және олардың мүддесін бұзатын іс-әрекеттерден қорғауға кепілдік бере отырып, олардың құқығын сақтау мен қорғауды қамтамасыз етеді
KASE Клиринг орталығын тиімді басқару
Басқару Акционерлердің жалпы жиналысының, Директорлар кеңесінің және Басқарманың өзара іс-қимылы негізінде жүзеге асырылады, бұл ұйымның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған сараланған және жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік беред
Ақпараттың ашықтығы және оны объективті түрде ашып көрсету
Компания нарыққа қатысушылар мен мүдделі тараптарды өз қызметі, қаржылық жай-күйі және түйінді шешімдері туралы уақытылы, толық және шынайы хабардар етуді қамтамасыз ете отырып, ақпаратты ашып көрсетудің жоғары стандарттарын ұстанады
Корпоративтік басқарудағы жауапкершілік
Басқару органдары мен лауазымды адамдар қабылданған шешімдер мен қызмет нәтижелері үшін жауапты болады, бұл сенімді арттыруға және оң іскерлік беделді қалыптастыруға ықпал етеді
Заңдылықты және корпоративтік этиканы сақтау
Клиринг орталығы Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын және халықаралық стандарттарды қатаң ұстанады, сондай-ақ мүдде қайшылығын болдырмай, іскерлік қатынаста адалдықты қамтамасыз ете отырып, корпоративтік этиканың жоғары стандарттарын қолдайды
Тәуекелді басқару, ішкі бақылау және аудит
Компанияда тәуекелді сәйкестендіру, бағалау және басқару жүйесі, сондай-ақ ықтимал қатерді азайтып, қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ішкі бақылау мен аудиттің тиімді тетіктері енгізілген
Тиімді дивидендтік саясат
Пайданы бөлу саласындағы саясат акционерлердің мүддесі мен KASE Клиринг орталығының одан әрі даму үшін инвестицияға мұқтаждығын тең көлемде қанағаттандыруға бағытталған
Орнықты даму
KASE Клиринг орталығы әлеуметтік жауапкершілік және экологиялық қауіпсіздік қағидаттарын өзінің стратегиясы мен операциялық қызметіне енгізе отырып, ұзақмерзімді тұрақтылыққа ұмтылады
"KASE Клиринг орталығы" АҚ-ның жарияланған акцияларының жалпы саны 400 000 дана, оның ішінде 531 акция орналастырылған.
Бағалы қағаздар ұстаушылар тізілімінің жүйесіне сәйкес Клиринг орталығының жалғыз ірі акционері 100 % қатысу үлесімен "Қазақстан қор биржасы" АҚ болып табылады.